Сайрам ауданының орталығындағы орта мектепте қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, онда мұқтаж отбасынан шыққан 110 балаға көмек көрсетілді.
Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиевтің қатысуымен өткен шарада 52 отбасының балаларына қажетті киім-кешек табысталды. Аталған акцияға Шымкент қалалық мəслихатының депутаты Хусанхан Ахматхановтың ұйытқы болуымен, Кувейт қаласының Дүниежүзілік ислам қайырымдылық қорының басшылары Әлван Ясер Мохамед Әли мен Бадр Саиуд Әл-Сумайт мырзалар демеушілік жасаған.
«Қайырымдылық – игіліктің бастауы, жақсылықтың нышаны. Бұл өсіп келе жатқан жастарымыздың алаңсыз білім алуына, сонымен қатар болашағы жарқын болуына септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл игі бастама ауданымызда әрі қарай жалғасын табатынына сенімімiз мол», - деді Мадияр Оразәлиев.