Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында мәлім етті.
«Денсаулық сақтау саласында 570 төсектік көп бейінді аурухана, ауысымда 500 адам қабылдайтын үш емхана, жедел медициналық жәрдем станциясы, сондай-ақ Ана мен бала орталығы салынады. 3 ауысымды және апатты мектептерді жою, сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 130 жаңа мектеп салынады», - деді Ұлттық эономика министрі.
Сонымен қатар, Назарбаев зияткерлік мектебі мен жатақханасы бар «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы жоспарланып отыр. Әсет Ерғалиев Күлтөбе қалашығының кесенелерін, тарихи нысандарын қалпына келтіру, Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жалғасатынын айтты.
«Ал дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамтуды 45%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Ол үшін теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені және басқа да объектілер салынады», -деді министр.