Қазіргі таңда Ленгір қаласынан құны 550 млн теңге болатын «KAZPLAST» ЖШС киім тігу цехының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2022 жылы іске қосылса, 250 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ «Балмұздақ» ЖШС өнім көлемін ұлғайту мақсатында құрал-жабдықтар алуға 185 млн теңгеге инвестиция тартып отыр. Ауданда өнеркәсіп саласында 2021 жылдың басынан 36 млрд 236 млн теңгенің өнімі өндірілген.
«Ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі 2021 жылдың 9 айында 10 млрд 946 млн теңгеге жетіп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,6 пайызға артты. Сондай-ақ ауданда 7 163 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оларда жұмыспен қамтылғандар саны — 15 902 адам. Кәсіпкерлік субъектілернің өндірген өнім көлемі 33 млрд 317 млн теңгені құрады», — деді аудан әкімі Төлеген Телғараев.
Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 млн теңгеге 2 жоба іске асуда. Олар «Құрғақ шәйді фасовка жасау» және «Саумал-қымызбен емдеу орталығы» жобалары.