Түркістан облысында топырақтан болатын паразиттік аурулардың саны 10,8 пайызға төмендеген. Мәселен, биылғы жыл басынан бері жалпы саны 355 паразиттік ауру тіркелген. Оның ішінде 148 жағдай аскаридоз, 111 жағдай эхинококкоз, 83 жағдай энтеробиоз болса, 13 адамның ішегінен лямблиоз анықталған.
«Аудан, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары науқастар тіркелген барлық ошақтарда инвазияның берілу факторларын анықтау үшін топыраққа зертханалық зерттеулер жүргізді. Гельминтоздар ошақтарынан 7 893 алынған зертханалық зерттеудің ішінде 43-і «оң» нәтиже көрсетті. 2 504 топырақ, 12 құм, 1 562 көкөніс пен жеміс сынамалары зертханалық тексеруге алынып, топырақта 16 дөңгелек құрт жұмыртқасы және 4 эхинококк онкосферасы; көкөністер мен жемістерден 3 аскарида паразиті анықталды», - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Мамандардың сөзінше, жыланқұрт, қылдырықбас, токсокар, сондай-ақ тениид онкосфералары, лямблий цисталары арқылы топырақтың тіршілікке қабілетті ұрықтандырылған және инвазиялық жұмыртқалармен ластануы халықтың денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Гельминттер тұрғындардың, әсіресе балалардың денсаулығына әртүрлі патологиялық әсер етеді. Паразиттер аллергияны тудырады, иммунитетті тежейді, соматикалық аурулардың дамуына ықпал етеді және емдеу мерзімін ұзартады, балалардың психикалық және физикалық дамуын тежейді.
«Қарапайым санитариялық гигиенаны сақтау арқылы гельминттерді жұқтыру ықтималдығын азайтуға болады. Ол үшін тамақтанар алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолды сабынмен жуу керек, көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтыну алдынағын сумен тазалап шаю және қайнаған сумен өңдеу қажет», - дейді санитар-эпидемиологтер.