Әсия Темірбаеваның сөзінше, жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген және төлемге құқығы бар қызметкерлердің тізімін жұмыс берушілер egov.kz және 42500.enbek.kz порталдары арқылы ұсына алады.
«Жұмыс берушілер қызметінің шектелу фактісін құрамына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен кәсіподақтардың өкілдері кіретін аудандық және қалалық штабтар растайды. Басқа санаттағы азаматтар төлемдерді тағайындау үшін өз бетінше өтініш береді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға біржолғы төлемге өтініш беру үшін бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) қайта төлеу міндетті емес. Өтініштер 2020 жылғы 1 қыркүйекке дейін қабылданады», - деді Әсия Құралқызы.
Басқарма басшысы сондай-ақ, ағымдағы жылдың шілде айында шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан біржолғы төлем тағайындау туралы өтінімдерді келесі порталдар арқылы беруге болатыны атап өтті. Атап айтқанда, «Электрондық үкімет» веб-порталы; 42500.enbek.kz портал; telegram-bot-тар; Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы; екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары бар.
Бұдан бөлек, төтенше жағдайға байланысты ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында облыста 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтарға азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтармен қамтамасыз ету үшін өтемақы ретінде 5567 теңге берілген. Барлығы облыс бойынша сәуір-мамыр айларында 160,6 мың адам 1,8 млрд теңгеге азық-түлік-тұрмыстық жиынтығымен қамтылған.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына қатысқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Марат Архаров шектеу шаралары кезіндегі мүгедектіктің тағайындалуы мен танылуы жайын сөз етті. Сонымен қатар, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бегман Нұрмаханов шектеу іс-шараларын енгізуге байланысты кірісінен айырылған адамдардың тізімін және талаптарға сәйкес келуін жұмыс беруші айқындайтынын айтты. Жұмыс беруші Қағида талаптарын сақтамаған жағдайда жұмысшы еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға арыздануға болатынын жеткізді.