Оқиға 2017 жылы Түлкібас ауданында болған.
Қарулы адамдар жол бойындағы жанармай құю бекетіне шабуыл жасап, 100 000 теңгеден астам ақшасы бар сейфті алып, ізін жасырған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері қарақшылық бабымен тіркеді. Алайда күдіктілерді іздеу мен ұстау жұмысы сол кезде тиісті нәтижесін бермеді.
«Бұл ашылмаған қылмыстардың қатарында болды. Қылмыскерлердің жеке басын анықтау және оларды ұстау бойынша жедел шаралар содан бері жалғасып келді. Өткен жылы қарақшылық шабуылға қатысы Шымкент қаласының екі тұрғыны назарымызға түсті. Жедел шараларды жүргізу барысында біз олардың біреуін Сайрам ауданынан ұстадық. Көлігін тексеру кезінде ішінен шолақ аңшы мылтығы мен есірткі табылды. Ал оның тұрғылықты жерін тінту кезінде есірткі тәркіледік» - дейді Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Ал, екінші күдікті тұрғылықты жері бойынша қолға түскен.
Тергеу барысында олар жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасап, физикалық тұрғыда қоқаң-лоққы көрсетіп, ішінде ақшасы бар сейфті ұрлап кеткенін мойындаған.
«Қазіргі таңда ұсталғандарға қатысты ҚР ҚК-нің 192, 287 және 296 баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер бұрын сотталған, қазір олар қамауға алынды»- деді подполковник Құрманбек Сахов.