Түркістан облысында 50-ден астам кәсіпорын ашылып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында өндіріс саласын қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Соңғы 3 жылда облыс экономикасына инвестиция 1,4 трлн болып, 5 есеге өсті. Жалпы, облыс құрылғалы бері құны 396 млрд теңгеге 6 300 жұмыс орнын ашылып, 114 инвестициялық жоба іске қосылды. Өнеркәсіп саласына келсек, облыс болып қайта құрылған кезде, өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың басым бөлігі Шымкент қаласында қалып қойды. Сондықтан біздің басты мақсатымыз облыста өндіріс саласын қайта құру болды. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында жеке инвестиция тартуға көңіл бөлінеді», - деді Ө. Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, өңірдегі басты инвестициялық жобалар арасында «Састөбе» химиялық кешені», мұнай өңдеу зауыты, фосфор кендерін өңдеу зауыты, тұрмыстық техника өндірісі, натрий цианидін өндіретін зауыт және көмір-химия комбинаты бар.

«Бұдан бөлек, қазіргі уақытта өнеркәсіп саласында 62 млрд теңге болатын, 4000 жұмыс орнын құрайтын 50-ден астам кәсіпорын ашылып жатыр. Бүгінгі таңда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 530 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңнен артығымен орындалды», - деді Ө. Шөкеев.

Бұған дейін Ө. Шөкеев Тәуелсіздік жылдары Түркістан облысында іске асырылған маңызды жобалар туралы айтқан еді.