Түркістан облысында өткен жылдың қаңтар айынан бастап 59 қызмет түрі бойынша табиғи монополия субъектілерінің тарифтері төмендетілген. Нәтижесінде халықтың коммуналдық қызметке төлейтін қаражаты мейлінше үнемделген. Қымбат Бейсеновтың айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста 116 қызмет түрімен айналысатын 93 табиғи монополия субъектілері енгізілген. Атап айтқанда, 3-і — электр энергиясын тасымалдау, 10-ы —жылумен қамтамасыз ету, 73-і —сумен жабдықтау, 15-і — су бұру, 4-і — газ тасымалдау және 11-і — кірме жолдары қызметтері бойынша.
«Бүгінгі таңда облыс бойынша жылумен жабдықтаушы 6 мемлекеттік коммуналды кәсіпорын жұмыс атқаруда. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылумен жабдықтау тарифтері орта есеппен 3-17 % аралығында төмендеді. Сумен жабдықтау тарифтері орта есеппен облыста 0,1-2% арзандаған. Ал электр энергиясымен жабдықтау қызметі бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тасымалдау тарифі 6,64 теңгеден 7 теңгеге көтерілді. Ал табиғи газбен жабдықтау қызметі бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тасымалдау тарифі өз деңгейінде өзгеріссіз қалдырылды», - деді Қымбат Бейсенов.
Департаменті басшысының міндетін атқарушы сондай-ақ, табиғи монополия субъектілерінің 2018 жылғы тарифтік сметаларының орындалуы есебіне жасалған талдаулардың қорытындысына тоқталды. Бұл көрсеткіштер бойынша жалпы соммасы 1 млрд 292 млн теңге көлемінде өтемдік тарифтер бекітіліп, халыққа төмендетілген тарифпен қайтарылған.