Түркістан облысында 600 балаға ҚР Президентінің жаңа жылдық сыйлықтары тапсырылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат-Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Түркістан облысындағы 600-ге жуық балаға ҚР Президентінің құттықтау хаты мен мерекелік сыйлықтары тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төлеби ауданындағы балалар үйі мен оңалту орталығы және аудандық ауруханаға барған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев тәрбиеленушілер мен емделуші балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Олармен жүздесіп, мерекелік лебізін білдіріп, Президенттің құттықтау хаты мен сыйлықтарын ұсынды.

«Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Армандарыңыз орындала берсін. Денсаулық, амандық, отбасыларыңа береке тілеймін», – деген Бейсен Дәулетұлы балалармен пікір алмасып, сыйлықтарын тапсырды.

Жалпы, Жаңа жыл мерекесіне орай облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 3 білім беру ұйымдарындағы 140 балаға, әлеуметтік мекемедегі 55 балаға және облыстағы 25 аудандық, қалалық балалар ауруханаларында ем қабылдаушы 400 балаға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Жаңа жылдық мерекелік сыйлықтар берілді.


Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі