Түркістан облысында 600-ге жуық той тарқатылып, қонақтар үйіне қайтарылған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 104 жұмысшы топ Жаңа жыл мерекесі қарсаңыңда карантин талаптарын қадағалауды күшейтпек. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитария дәрігері Нұрбек Нышанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мобильді топ құрамында аудан, қала әкімдігі, кәсіпкерлік палатасы, полиция басқармасының қызметкерлері және еріктілер бар.

Бүгінгі күні жалпы 579 отбасылық, мерекелік іс-шара анықталып, тоқтатылған. Заңды өрескел бұзған азаматтарға әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынған.

«Негізінен 5 шілде мен 29 желтоқсан аралығында 45 465 нысанға рейд ұйымдастырылып, 5229 хаттама толтырылды. Оның ішінде ҚР ӘҚБ кодексінің 425 бабының 1-тармағымен 5051 жеке тұлғаға 30 АЕК көлемінде (210 475 170 теңге), 104 жеке кәсіпкерге 33 224 880 теңге көлемінде, 12 заңды тұлғаға 3 833 640 теңгеге , 62 лауазымды тұлғаға 230 АЕК мөлшерінде (19 807 140 теңге), барлығы 267 340 830 теңге айыппұл салынған»,- деді ол.

Облыстың бас санитария дәрігері әлемде болып жатқан пандемияға байланысты аймақтағы эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып Жаңа жыл мерекесін ұжымдық отырыссыз шағын отбасылық ортада қарсы алуға кеңес береді.

Ең бастысы мерекелік дастарханда тамақтан уланудың алдын алу шараларын ескеру қажет.