ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысында 870 түп есірткі мен ыдыстарға салынған марихуана тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Отырар ауданы Босаға ауылы маңындағы алаңда кезекті есірткі егістігі анықталды.
ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы жасағы және Түркістан облысы полиция департаментінің полицейлері бірлесіп әрекет етіп, 850 түп өсіп тұрған және 20 түп шабылған өсімдік, 5 дана ыдыстағы марихуанаға ұқсас есірткі затын тәркіледі.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігі «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша тіркелді. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Ол зерттеу қорытындысына сәйкес, жалпы салмағы 15 келіден асатын «кептірілген марихуана» болып шықты» делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Қызылорда облысының екі тұрғынын ұстаған.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Қайрат Зайнишев
Шымкенттегі М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ түлегі. Еңбек жолын «Ақиқат-Истина» газетінде тілші болып бастады. Кейіннен «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен «Ernur.kz» сайтында тілші, «Кентау шұғыласы» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Республикалық «Экспресс К» сайтының Түркістан облысындағы тілшісі болды. 2021 жылдан бастап «Kazinform» агенттігінің Түркістан облысындағы тілшісі қызметін атқаруда.