Түркістан облысында алғаш рет страйкболдан халықаралық ашық чемпионат өтіп жатыр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысында алғаш рет страйкболдан халықаралық ашық чемпионат өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында «EAGLES OF TURKISTAN» атты страйкболдан (Airsoft) ашық чемпионаты бастау алды.

Екі күнге созылатын тартысты ойын Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен табиғаты әсем Түлкібас ауданы, Тұрар Рысқұлов ауылында өтіп жатыр.

Жастардың сұранысы негізінде қолға алынған іс-шараның мақсаты – өңірде спорттық және экстремалды туризмді дамыту, шетелдік ойын қатысушыларына Түлкібас ауданының туристік потенциалы мен табиғи көрікті жерлерін таныстыру, азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

Ашық чемпионатқа Қазақстанның Алматы мен Ақмола облыстары, Алматы және Шымкент қалаларының ойыншыларынан бөлек, Қырғызстан елінен 3 команда қатысуға қызығушылық танытқан.

Бүгін топтық ойында жалпы 70 қатысушыдан құралған 10 команда бақ сынауда. Ал, іріктеліп, үздік шыққандар 16 шілде күні өзара бақ сынайды.

«EAGLES OF TURKISTAN» ашық чемпионатының жалпы жүлде қоры - 1 500 000 теңге.