Өңір осы көрсеткіш бойынша қазір республика көлемінде 2-ші орында тұр. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2018 жылы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға есеп берген Нұрбек Бадырақов Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндірген жалпы өнім көлемі республикалық көрсеткіштің 12,4 пайызын құрап, 2 орында тұрғандығын атап өтті. Ал, ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 180,9 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 20,2 млн долларға артқан. Аталған саланың негізгі капиталына тартылған инвестициялар көлемі 43,8 млрд теңге болып отыр. Я,ни өңір тартылған инвестиция көлемі жөнінен еліміз бойынша төртінші орында тұр.
Басқарма басшысы өңірдің соңғы екі жылда жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге қаржы бөлініп, 52 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. Нәтижесінде, 45,5 мың гектар жердің ағын сумен қамтамасыз етілуі және мелиоративтік жағдайы жақсарып, 1 мың гектар жер жаңадан айналымға енген.
«Халықаралық қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының үшінші кезеңінде 57,3 мың гектар жерді қалпына келтіру жоспарланған. Республикалық меншікке өткізілуі тиіс 57,3 мың гектар суармалы жердегі су нысандарының 90% республикалық меншікке өткізілді», - деді Нұрбек Бадырақов.
Басқарма басшысының сөзінше, өңірде 181,3 гектар аумаққа жылыжай салынған. Осылайша, жылыжай ісін өркендету жөнінен Түркістан облысы республикада 77 пайыздық үлеске жетті. Ағымдағы жылы аймақта 180 гектар жылыжай салу жоспарланып отыр.