Жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев кешенді жоспар облыстың дамуына серпін бергенін айта келе бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, өңірдің әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар сәтті жүзеге асырылуда. Мәселен өткен жылы кешенді жоспарда 93 іс-шараны бастау көзделіп, тиісті жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде 10 іс-шара орындалса, 73 іс-шара бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ал, биыл кешенді жоспар арқылы 99 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жалпы кешенді жоспар өңірдің экономикалық әлеуетін көтеруге және жеке инвестициялардың келуіне оң серпін берген. Түркістан қаласының инфрақұрылымы толық қаланып, шаһар заман талабына сай түрлене түсуде. Өңір басшысы кешенді жоспардың әрбір тармағын сапалы әрі уақтылы орындауды тапсырды.
Мәжілісте сондай- ақ, елді мекендерді ауыз сумен қамту мәселесі де талқыланды. Өткен жылы ауыз сумен жабдықтау саласы бойынша өңірде 58 нысанның құрылысына бюджеттен қаражат бөлінген. Осы арқылы 25 нысан пайдалануға берілсе, қалған 33 нысанның құрылысы ағымдағы жылға аяқталады. Нәтижесінде 20 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 8 ауылдың тозығы жеткен құбырлары қайта жаңартылған. Қазір облыстағы 841 елді мекеннің 717-сіне таза ауыз су жеткізілді. Ал, ауыз сумен жабдықтау саласы бойынша 38 нысанның құрылысына бюджеттен қаржы бөлініп отыр. 28 нысан биыл пайдалануға берілсе, қалған 10 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Жоспар бойынша жыл қорытындысымен 24 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 14-інде тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылмақ. Осы жұмыстар нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 741-ге жетеді.
Өмірзақ Шөкеев жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне ауыз сумен қамту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Өз ісіне жауапты мердігерлермен ғана келісімшарт жасап, соңына дейін жеткізуді міндеттеді