Түркістан облысында аймақтық алғашқы плоггинг марафоны өтті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында «Жастар таза Түркістан үшін!» тақырыбында аймақтық алғашқы плоггинг марафоны өтті. Игі шара облыстық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістандық еріктілер мен жастар қаладағы «Жеңіс» саябағына жиналып, плоггинг марафонының тәртібімен танысты. Белсенді жастар топтарға бөлініп, өздеріне тиесілі аумақтарды жүгіріп өту арқылы қоқыс жинаудан жарысқа қатысты.

«Биыл өңірде Жастар орталығының ұйымдастырумен алғаш рет плоггинг марафоны өтті. Оған қаладан 40-қа жуық еріктілер мен жастар қатысты. 60 минутта Жеңіс саябағынан салмағы 300 келіден 4 қап қоқыс жиналды. Бұл экологиялық қозғалыс – салауатты өмір салтын ұстану мен табиғатқа деген қамқорлықтың тамаша үйлесімділігі. Марафон тұрақты түрде ұйымдастырылып, облыс көлемінде жалғасын табатын болады», – деді облыстық жастар орталығының басшысы Амалбек Өміртай.