Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер өткен жылы бір жәбірленушіден 12 млн теңге тұратын 25 жылқысын қолды кеткен. Осыдан кейін барымташыларды ұстау мақсатында Түркістан облысының ПД-нің криминалдық полиция, тергеу және жергілікті полиция қызметінің тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, үй малдарын сату және сою орындары мен шаруа қожалықтарының жайылымдарды тексерді. Жедел уәкілдер жиналған ақпарат көздері негізінде аталмыш мал ұрлықтарын бір қылмыстық топтың істеуі мүмкін деген болжам жасаған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар деген Қазығұрт ауданының екі тұрғыны ұсталды. Оның бірі бұрын сотты болғаны анықталған. Тергеу барысында жедел уәкілдер тағы да қылмыстық топтың өзге мүшелерінің ізіне түсіп, олардың ұрланған жылқыларды сатып алушылар екенін анықтаған. Жауап алу барысында, барымташылар Қазығұрт, Төлеби және Сарыағаш аудандарының жайылымдарынан ұрланған жылқыларды қораларында жасырын бағып отырғанын айтқан. Сөйтіп, олардың сырғаларын ауыстырғаны және базарларға немесе етке өткізіп отырғаны белгілі болған. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 150 миллионнан астам теңгені құрады. Айғақты зат ретінде полицейлер 70-тен астам жылқыны тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарған. Сондай-ақ, жедел уәкілдер күдіктілердің бірінің үйінен 2 дана қару мен 8 түп қарасора тапқан.
«Аталған жайттарға байланысты ҚР ҚК-нің 3 бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде: 188-бап «Ұрлық«, 287-бап «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру« және 300-бап «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру«.
Бес күдіктінің 2-еуі қамауға алынды, 1-еуі кепілмен шығарылды, 2-еуі қолхатта. Тергеу амалдары жүргізілуде және мал ұрыларының басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Қазіргі таңда қылмыстық іс Түркістан облысы ПД-нің өндірісінде және департамент бастығының қатаң бақылауында» делінген хабарламада.