Облыстың аудандары мен елді мекендерінің дамуына оң серпін беретін 67 жобаның 10-ы Үкімет мақұлдауынан өтіп, 2021 жылы тиісті қаражат бөлінетін болды. Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен 40 млрд теңге қаралып, 57 жоба іске асырылып жатыр. Ол қаржының 30 млрд теңгесі биыл бөлінсе, 10 млрд теңгесі келесі жылы қарастырылмақ. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы инфрақұрылымдар дамытылып, ауылдық жерлерде мектеп пен ауруханалар бой көтереді. Жаңадан жолдар салынып, кей жерлерде көшелер жөнделеді. Газ құбырлары тартылады. Кешенді жоспарға сәйкес, негізгі басымдық халық саны 1 миллионға жуықтайтын оңтүстік аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға беріліп отыр. Бес ауданда қолға алынған жұмыстардың жүзеге асырылуын өз бақылауына алған өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Сарыағаш, Келес аудандарын аралады. Жұмыс сапарын Жібек жолы ауылдық округіндегі «Бес жұлдыз» балабақшасынан бастаған облыс әкімі білім мекемесінің ұжымымен және құрылтайшысымен кездесті. 550 бүлдіршінге лайықталған балабақшада карантиндік шектеулер кезінде небәрі 60 бала төрт топта тәрбиеленіп отыр. Әрқайсысына «Балапан» бағдарламасымен тиісті қаржылар төленуде.
Мұнан соң аймақ басшысы елімізде баламасы жоқ көшет өсірілетін жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Зортөбе елді мекенінде орналасқан кешеннің аумағы - 12,85 га құрайды. Озық технологияларды пайдаланатын жылыжайда жылына 12 млн дана көшет өсіріліп, сатылымға шығарылады. 600 млн теңге көлемінде инвестиция салынған нысанда кәсіпкер өз қаржы есебінен орталықтандырылған жылыту қазандығын орнатқан. Ол Өмірзақ Шөкеевке мемлекет тарапынан субсидия ретінде қолдаулар болса, өндірісін кеңейткісі келетінін жеткізді. Сөйтіп ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамти алатынын атап өтті.
Өңір басшысы Ынтымақ елді мекенінде Келес өзенінің үстінен салынған көпірдің құрылысын да аралап көріп, жергілікті халықпен сөйлесті. Ұзындығы 60 метр, ал ені 10 метр болатын өткел үш ай көлемінде салынып, қыркүйек айында пайдалануға берілген. Осы көпірді салу арқылы екі ауылға қатынау жеңілдеп, 15 шақырымдық жол екі шақырымға қысқарған. Жергілікті халық билік өкілдеріне ауыл арасындағы жолдардың жөнделіп, көпірді салып бергеніне алғыстарын жеткізді.
Сонымен қатар Келес ауданына жасаған сапар барысында өңір басшысы Абай ауылында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында жөндеуден өткен көшелерді көріп, Жамбыл ауылындағы № 29 жалпы орта мектебінің құрылысымен танысты. Нысан құрылысы 2021 жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр.