Басқарма басшысының сөзінше, өңірдегі 900 мектептің 173-і ыңғайластырылған ғимараттар. Алдағы уақытта оларды жаңарту көзделіп отыр.
«Ағымдағы жылы басқарма тарапынан үш ауысымға өту қаупі бар мектептерге талдау жүргізіліп, аудан-қалаларда орналасқан 52 мектеп анықталып отыр. Сол себептен, 2025 жылға дейін трансферттер есебінен мемлекеттік - 107 мектептің, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында - 15 мектептің, жекеменшік - 27 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 6 апатты және 4 үш ауысымды мектеп бар. Биыл сол 2 апатты және 2 үш ауысымды мектептің құрылысы басталып, ағымдағы жылы пайдалануға берілмек. 2021-2023 жылдар аралығында қалған 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталатын болады», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Рахымбек Жолаев өңірде ауылда тұратын оқушыларға арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасы жайлы баяндап өтті. Оның сөзінше, «Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалау мен онлайн форматта тестілеу өткізіледі. Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған 5 мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алады. Екінші кезеңде қатысушылар математикалық сауаттылық, академиялық білімді бағалау үшін компьютерлік тестілеуден өтеді. Екінші кезең өңірлік тестілеу орталықтары базасында ұйымдастырылады.Бұл олимпиадаға облыс бойынша 61 мың бала қатысады деп күтілуде.
«Олимпиадиаға оқушыларды тіркеу 24 ақпан-24 наурыз аралығында жалғасады. Жарыс жеңімпаздары еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде «Білім-Инновация» лицейлерінде, Республикалық физика-математика мектебiнде және «Дарын» мамандандырылған мектебінде оқуға мүмкіндік алады. Олимпиаданың 5 мың финалисі Елбасы Академиясының «Вirge oqý» онлайн-мектебінде тегін оқи алады. Олимпиадаға Қазақстанның ауылдық мектептерінде соңғы екі оқу жылында білім алып жатқан 5 және 6-сынып оқушылары қатысады», - деді Рақымбек Қуатбекұлы.