Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде 66,3 мың жұмыс орны құрылса, оның ішінде 16,2 мыңы – тұрақты, 50,1 мыңы – уақытша жұмыс орны.
«2020 жылғы 3-тоқсандағы статистикалық мәліметке сәйкес, жұмыссыздық деңгейі - 5,2%, жастар жұмыссыздығы - 3,8%, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,6% құрады. Дағдарысқа қарсы шаралар ретінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске асырылды. Нәтижесінде 482 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға көзделген 110 млрд теңге аясында 26 908 жаңа жұмыс орны құрылды», - деді Әсия Құралқызы.
Сонымен қатар, облыста 2020 жылы аз қамтамасыз етілген 39 159 отбасыға (220 055адам) 14 млрд теңге қаржы тағайындалып, 39 060 отбасыға (219 434 адам) 13,8 млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек төленген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың саны 64,3% азайғандығын көрсетеді.
Одан бөлек, еңбекке жарамды атаулы әлеуметтік көмек алушы 20 937 тұрғын жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның ішінде 15 601 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Атаулы әлеуметтік көмектің қаржы есебінен 214 адам кәсіпкерлікпен айналысу үшін өз ісін ашты.
Сондай-ақ, кепілдендірілген әлеуметтік топтама бойынша 1-6 жастағы 45 429 бала азық-түлік жиынтығы мен гигиеналық құралдарын алған.
Ал өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар үшін облыста «Қамқорлық» бағдарламасы іске асырылуда, оның шеңберінде аз қамтылған 1 643 отбасы 516,2 млн теңгеге демеушілік көмек алды.
Түркістан облысында 94,5 мың мүгедектігі бар азамат есепте тұр. 2020 жылы бұл мақсатқа барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 4,8 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 48 мың мұқтаж азаматтың ішінен 34 мың адам техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік қызметтер ұсынылды.