Түркістан облысында дала өртінен 85 гектар жер жанып кетті

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында дала өртінен 85 гектар жер жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдай Борылсай ауылдық округі мен Кеңсай елдімекенінде орын алған.

Облыстық ТЖД мәліметінше, өрт туралы хабарлама 23 шілде күні, сағат 18.56-да түскен. 

«Бәйдібек ауданында екі бағыта: оңтүстік бағытта - 40 га және күншығыс бағытта - 45 га құрғақ шөп жанды. Өрттің жалпы аумағы 85 га құраған. Қатты жел мен ыстық ауа райының салдарынан өрт санаулы минуттарда ойлы-қырлы жерлерге тез тараған. Оны сөндіруге Бәйдібек аудандық № 34,10 өрт сөндіру бөлімдерінен 28 жеке құрам мен 2 техника, орман шаруашылығы бөлімінен 40 адам мен 2 техника және жергілікті тұрғындардан 10 адам жұмылдырылды. Өрт оңтүстік бағытта түнгі сағат 23:40-та оқшауланып, сағат 00:00-де толық сөндірілді. Ал, солтүстік бағытта сағат 00:03-те оқшауланып, таңғы сағат бесте толық сөндірілген» делінген хабарламада. 

Тілсіз жаудан қайтыс болғандар мен зардап шеккендер тіркелмеген. Қазір өңірлік төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері өрттің шығу себептерін анықтап жатыр.