Түркістан облысында диқандар қырыққабат егуді бастап кетті

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Қаңтар айында Түркістандық диқандар қырыққабат егіп жатыр, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісай ауданында орналасқан Атамекен, Ералиев ауылдық округтерінің диқандары жылы ауа райын сәтті пайдаланып 5 гектар жерге қырыққабат көшетін отырғызып үлгерген.

Жерді жалға алып, егін егіп отырған шаруаның бірі Сапар Үсенов қырыққабаттың жаңа түрлерінен мол өнім алуды жоспарлап отыр.

«Күн-түн демей қараша айынан бастап жылыжайға ерте пісетін «Пандион» жане «Зарисма» көшеттерін өндіруді бастағанбыз. Дайын болған көшеттерді 5 гектар аумаққа отырғыздық. Былтыр осы жерден 300 тонна өнім алып үлгердік, алынған өнімді көршілес елдерге жібереміз. Былтырғы жылы өнім өзін-өзі ақтады» - дейді ол.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысы, Жетісай ауданы бойынша 78500 гектар аумаққа егіс егіледі жоспарланып отыр.

Соның ішінде 1 мың гектар жерге ерте пісетін қырыққабат егілетін болады деген болжам бар.

Өткен жылы Жетісай ауданында 1097 гектарға қырыққабат егіліп, 38 мың тонна өнім жиналған.


Соңғы жаңалықтар