Түркістан облысында электр энергиясы тапшы

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 254 елдімекен тұрғындары сапасыз электр энергиясын тұтынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева мәлімдеді.

«Түркістан облысы электр энергиясы тапшы өңір саналады. Бүгінде облыстың электр қуатына қажеттілігі - орташа 320 МВт/сағат, оның 20% ішкі энергетика көздерінен алынады. Ал, қалған 80% еліміздің солтүстік өңірінен және Шымкент, Тараз қалаларындағы стансалардан тасымалданады», - деді ол.

Спикердің сөзінше, өңірде 831 елдімекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған.

Қалған 16 елдімекен дербес электр қондырғыдан электр қуатын пайдаланып отыр.

Ал, 254 елді мекендегі 341 мың тұрғын сапасыз электр энергиясын тұтынып отыр.

«Түркістан облысы бойынша сапалы электр қуатымен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс шара жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен жұмыс атқарылып жатыр. Биыл өңірде 42 нысанның құрылысына бюджеттен 13,6 млрд теңге бөлініп, 11 нысанды пайдалануға беру көзделген. Ал, қалған 31 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Келер жылы 35 нысанның құрылысына 8,1 млрд теңге бөлінді. Бұл да біраз мәселені шешеді деген ойдамыз. 2025 жылдың қорытындысымен облыстағы 254 елдімекендегі 341 мың тұрғынды сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету жоспарда бар», - дейді Роза Сариева.