Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып, коронавирустық инфекцияның расталған 2663 жағдайы тіркелді.

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен лездемелік жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сала мамандарының мәліметінше, соңғы бірнеше күн бойы бір күндік өсім 0.9 пайызды құраған. Соңғы 1 аптаның аралығында аурушаңдық алдыңғы аптамен салыстырғанда 14,2 пайызға төмендеген. Яғни, аурушаңдықтың төмендеу үрдісі байқалады. Індет облыстың барлық аудан, қалаларында тіркелген. Бүгінгі таңда облыс бойынша 2134 адам коронавирустық инфекциядан жазылып шыққан.

Инфекциялық стационарларда 124 науқас емделіп, симптомдары жоқ 569 тасымалдаушы амбулаториялық ем қабылдауда. Облыс басшысы карантин режимі талаптарының қатаң орындалуын мониторингілеу бойынша мобильді топтың жұмысын жандандырып, қоғамдық орындарда дезинфекциялау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.