Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы екі аптада ауру жұқтыру көрсеткіші 87,7 % төмендеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа қаулы бойынша эпидемиологтар аурумен қатынаста болғандардың симптомдары болған кезде ғана тіркеуге алады. Сондай-ақ, қызметтің барлық түрлері үшін «сары» аймақтағы шектеулер алынып тасталды.

«Еліміз бойынша карантин талаптары біршама жеңілдеді. Бұдан былай COVID-19 инфекциясымен ауырған адаммен қарым-қатынаста болғандарда ауру белгілері болмаса оқшаулауға алынбайды. Аурумен қарым-қатынаста болғандарда «ASHYQ» бағдарламасында «сары» мәртебе белгісі болатын. Соңғы қаулы бойынша бағдарламадан «сары» деген мәртебе алынып тасталды. Азаматтар нысанға кірерде тек қана «көк», «жасыл», «қызыл» мәртебелермен ғана анықталатын болады», - деді Түркістан облысының СЭБД басшысы Н. Нышанов.

Сонымен қатар «Комирнати» (Пфайзер) вакцинасын қолдана отырып, вакцинациялауға жататын адамдардың тізбесі кеңейтіліп отыр. Тізбеге бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі барлар және бірінші курсты аяқтау үшін, шетелде вакцинаның бірінші дозасын алған адамдар кіреді.

Ревакцинациялану үшін де «Комирнати» вакцинасын мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен 50 жастағы және одан жоғары жастағы адамдар салдыра алды.

Бұған дейін, ел аумағына кіру үшін шекара өту бекеттерінде барлық азаматтар ПТР сынама тапсыратын. Қазіргі қаулыға сәйкес, ревакцинация алған немесе екінші компонентті алғаннан кейін 6 ай өтпесе, ПТР-тест жүргізу талап етілмейді.

«Бұған дейін, вирус сыныптағы бір оқушыдан анықталғанда, байланыста болғандардың барлығынан ПЦР сынамасы алынып, үй карантиніне жіберілетін. Мектепке немесе балабақшаға балаларын ертіп барған ата-аналар немесе заңды өкілдерінің ғимаратқа кіруіне тыйым салынған болатын. Соңғы қаулы бойынша бұл тыйымның да күші жойылды» - деді облыстың бас эпидемиологы.

Облыстың бас санитары карантин талаптары жеңлдетілгенмен, босаңсуға болмайтынын айтып өтті. Бетперде тағу, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау, көпшілік жиналатын орындардан мүмкіндігінше бас тарту секілді режимдер сақталуы тиіс.

«Қазіргі кезде облыста коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін алғандар саны 99,9% құрап отыр. Бұл өңір тұрғындары арасында белгілі бір иммунитеттің қалыптасқанын білдіреді. Ұжымдық иммунитетті күшейту үшін ревакцинациялау жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асуда. Қазіргі таңда 371 897 адам ревакцина алды. «Комирнати» вакцинасының І компонентін 186 230 (69,7%), ІІ компонентті 132 943 (49,7%) тұрғын салдырды» - деді Н. Нышанов.