ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының ақ халатты абзал жандары 98 жастағы соғыс ардагері Қалмен Мұратовқа ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақсақалдың ортан жілігіне ота жасалған болатын. Жауынгер қарт дәрігерлерге батасын беріп, сәтті өткен отаға ризашылығын білдірді.
«Науқастың жағдайы бірқалыпты. Отадан кейін бір жарым ай көлемінде балдақпен жүреді деген сенім бар. Одан кейін өзі толық жүре алатын болады», -деді облыстық клиникалық аурухананың ортопедия бөлімінің меңгерушісі Нұрбол Сахов.
Ақсақалдың балалары ауыр жағдайға қарамастан отаны сәтті өткізген аурухана қызметкерлеріне алғысын жеткізді.
Айта кетейік, ғасырға жуық жасаған абыз ақсақал бүгінде 6 ұл, 2 қыздан 90-нан астам немере мен шөбере сүйіп отыр. Ондаған орден мен медалі бар.
Қайрат Зайнишев
Шымкенттегі М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ түлегі. Еңбек жолын «Ақиқат-Истина» газетінде тілші болып бастады. Кейіннен «Шымкент келбеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен «Ernur.kz» сайтында тілші, «Кентау шұғыласы» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Республикалық «Экспресс К» сайтының Түркістан облысындағы тілшісі болды. 2021 жылдан бастап «Kazinform» агенттігінің Түркістан облысындағы тілшісі қызметін атқаруда.