Түркістан облысында қар құрсауында қалған жолаушылар құтқарылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында полицейлер қар құрсауында қалған көлік жүргізушілері мен жолаушыларға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат polisia.kz cілтеме жасап.

Созақ аудандық полициясына Одаман асуында бұзылып қалған бірнеше көлікке көмек керек екендігі туралы хабарлама келеді. «Оңтүстік жолдары ММ» жұмысшыларымен бірге полицейлер оқиға орнына бірден жетеді.

Анықталғандай, ауа райының күрт нашарлауынан бірнеше көлік жолда қалып қойған. Тұрғындар 11 сағат бойы байланыссыз автокөлік ішінде қалған.

Тәртіп сақшылары адамдарды Таскөмірсай жылыту бекетіне жеткізіп, көліктерді жөндеді.

Сондай-ақ ауыр техниканың көмегімен қарға көмілген 5 автокөлік қауіпсіз аумаққа шығарылды.