Түркістан облысында карантин ережесін бұзған 5 кәсіпкер қамауға алынды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында карантин талаптарын сақтамаған 62 жеке кәсіпкерге әкімшілік хаттамалар толтырылып, сотқа жолданды.

Қалалық соттың шешімімен 5 кәсіпкер бес тәулікке қамалып, кейбіреуі ескерту алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының 2020 жылы атқарған жұмыстарын баяндаған өңірдің бас санитарлық дәрігері Нұрбек Нышанов пандемиямен күресте эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында жүйелі және нәтижиелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Облыста алты мобильдік топ жүргізген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 4453 нысан тексеріліп, 20 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

«Өткен жылы Түркістан қаласы тұрғындары арасында коронавирус инфекциясы диагнозымен 729 науқас тіркелген. «COVID-19» зертханада расталған науқастар бойынша ошақтарға дезинфекциялық, эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп, инфекциямен күрес барысында қаланың эпидемиологиялық ахуалын ескере отырып, 72 Қаулы шығарылған»,- деді Нұрбек Нышанов.