Түркістан облысында карантин режимі жағдай тұрақтанғанға дейін жалғасады

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында карантин режимі эпидемиологиялық ахуал тұрақтанған кезеңге дейін жалғасады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрбек Нышановтың айтуынша, өңірде коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақтануы үшін өсім 1 апта көлемінде 5%-дан аспауы қажет.

«Егер өсім 2%-дан аспаса, қосымша жеңілдіктер енгізілуіне негіз болады. Ал, өсім көрсеткіші төмендемеген жағдайда, карантиндік талаптар қайта күшейтіледі. Қарапайым сақтық шараларына ерекше назар аудару тиістігін тұрғындардың есіне саламыз. Атап айтқанда, екі және одан көп адамның бірлесіп серуендеуі кезінде бетперде міндетті түрде тағылуы, әлеуметтік қашықтық (2 метрден кем емес) сақталуы тиіс», - деді Нұрбек Садықбекұлы.


Облыстың бас санитар дәрігері сондай-ақ, тұрғындарға қандай нәрселерге тиым салынғанын атап өтті.

«Отбасылық іс-шараларды және ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сауда-ойын-сауық орталықтары жанындағы балалардың ойын алаңдары мен кинотеатрлардың, театрлар мен көрмелердің, түнгі клубтар мен батут және фудкорттардың жұмысына, мал базарларының қызметіне тиым салынған. Карантин режимін және шектеу шараларын сақтамаған тұлғаларға ҚР заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шара қолданылады»,- деді Нұрбек Нышанов.

Айта кетейік, бүгінде өңірде коронавирус індетін жұқтырған 594 жағдай тіркелген. Ауырғандардың 7- і қайтыс болып, 265 адам жазылып шыққан.