Нұрбек Нышановтың айтуынша, өңірде соңғы екі аптада коронавирус инфекциясын жұқыру көрсеткіші 16,3 %, пневмонияға шалдығу көрсеткіші 47,5 % төмендеген.
«27 қыркүйектен бастап күшіне енген қаулыда «қауіпсіз» мәртебесі бар қызметкерлер мен келушілері болған кезде толымдылығын 50%-дан асырмай 100 келушіден көп емес жағдайда отбасылық іс-шаралар мен тойларды өткізуге, конференциялар мен форумдарды ұйымдастыруға рұқсат берілді. «Ashyq» жобасына қатыспайтын нысандарда жоғарыда аталған барлық шаралардың өтуіне тыйым салынады. Сонымен қатар, бұған дейін жексенбі күні жүруіне тыйым салынған қоғамдық көлік сенбі, жексенбі күндері қызмет көрсетеді»,-деді Нұрбек Садықбекұлы.
Жаңа қаулыда сондай-ақ, толымдылығы 70%-дан аспайтын 500 келушіден артық емес түрде «қауіпсіз» мәртебедегі азаматтардың қатысуымен көрме өткізуге болады делінген.
Ашық ауада 1000 адамнан артық емес жағдайда марафондар, спорттық іс-шаралар келушілердің толымдылығы 80%-дан асырылмай өткізілуі тиіс.
Айта кетейік, күні бүгінге дейін аймаққа коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентінің 908 630 дозасы жеткізілген.
Екпе егу бойынша облыс халқының 95% - вакцинаның I компонентін, 76,8% - II компонентін салдырған.