Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 6-10 қаңтар күндері ұйымдастырылған профилактикалық шара барысында 200-ден астам құқық бұзушылық анықталған. Құзырлы органдар мен прокуратура, білім беру мен денсаулық сақтау қызметкерлері, ата-аналар комитеттерінің өкілдері қатысқан шарада тәртіп сақшылары полиция бөліміне 233 кәмелет жасына толмаған жасөспірімді жеткізген. 204 баладан түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауап алынған. Ал, 12 ата-ананы балаларына дұрыс тәрбие бермегені үшін ювеналды полиция қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалардың ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін 5 кәсіпкер жазаланған.
«Рейдтік іс-шара кезінде тәртіп сақшылары 153 кәмелетке толмаған баланың үйінен тыс жерде заңды өкілсіз жүргенін және 13 жасөспірімнің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде жүргенін анықтаған. Кәмелет жасына толмағандарға заңсыз темекі сатқан 4 жайтты және 6 алкоголь сату дерегін тіркеген» делінген хабарламада.