Түркістан облысында Келес орманшылығынан шыққан өрт сөндірілді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - 2023 жылғы 13 шілде күні сағат 01:30-да Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Дағдарыс жағдайлары басқармасына «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Өгем филиалына қарасты Келес орманшылығында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.

Бұл туралы ҚазАқпарат Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, тез арада жедел штаб құрылды, оның құрамына орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар мен Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кірді.

Жедел қабылданған шаралар мен жұмылдырылған күштер мен құралдардың арқасында құрғақ шөп пен бұталар өрті сағат 05.50-де оқшауланып, сағат 08.00-де сөндірілді. Алдын ала ауданы 2 гектарды құрайды. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Өртті сөндіруге орман шаруашылығынан 48 адам мен 8 бірлік техника, Түркістан облысы ТЖД 45 адам мен 5 техника жұмылдырылды.