Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Е.Сарыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағында су тасқыны бойынша жағдай бір қалыпты, тұрақты бақылауда.
«Тасқын суды қауіпсіз өткізу мақсатында 21 ақпан мен 20 наурыз аралығында арнайы жоспар бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Су қоймалары мен өзендердің су режиміне күнделікті мониторинг жүргізіледі. Жалпы облыс бойынша су қоймаларының орташа толымдылығы - 45-50%. Тасқын суды қабылдауға жеткілікті орын бар. Дегенмен босаңсуға жол жоқ. Табиғат кез келген уақытта тосын мінез танытуы мүмкін» - деді Е.Сарыбаев.
Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жалпы 2065 адам, 400 бірлік техника, 6 қайық, 294 мотопомпа дайындалған.
«Қазгидрометтің» наурыз айына жасаған болжамында облыс аумағында жауын-шашын түсуінің айлық мөлшері – жазық аймақтарда 17-69 миллиметр, таулы аймақтарда – 70-103 миллиметр шамасында.
Желдің соғуы секундына 15-20 метрді құрайды. Ауа температурасы +5 пен +16 градус аралығында болады.