Түркістан облысында қолдан жасалған газ қазандықтарынан жарақат алушылар көбейді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында қолдан жасалған газ қазандықтарынан жарақат алушылар көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында қолдан жасалған газ қазандықтарының жарылу салдарынан жарақат алушылардың қатары артқан. Мәселен, 12 қаңтар күні Сарыағаш қаласында газ қазандығы жарылып, 1962 жылы туған ер азамат ауыр дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Төтенше жағдайлар бойынша бригада оқиғаға қолдан жасалған қазандықтың себеп болғанын анықтады. Мамандардың сөзінше, үй иесі газды үнемдеу мақсатында 1 күн бойы қоспаған. Ал, қосқан кезде жылу жүйесіндегі қатып қалған судың әсерінен жарылыс болған.

Қаңтардың 14 күні Жетісай ауданында да газ қазандығы жарылған. Үй иелері отбасыларымен бір аптадай үйде болмаған. Ал, оралған соң газ қазандығының астын жағып, дүкенге шығып кеткен. Қолдан жасалған газ қазандығы будың қысымын көтере алмай, жарылып кеткен.

Сол күні Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылдық округіне қарасты Жонарық ауылында жылу қазандығы жарылып, 1980 жылы туған ер азамат орта дәрежедегі жарақатпен, ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнына жедел жеткен газ мамандары оқыс жағдай адами фактордың әсерінен болғандығын анықтаған. Жарақат алған үй иесінің жұбайы газ қазандығын сөндіріп, қасындағы қатты отынмен жылытылатын пешті жаққан. Мұздап қалған қазандық бу қысымын көтере алмай, жарылып кеткен. Ал, келесі күні аталған ауылдық округтің орталығында осыған ұқсас оқиға қайталанды. Жылу қазандығы жарылып, 1972 жылы туған ер азамат орта дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Оқыс оқиғаға жеке тұрғын үй иесінің моншада орналасқан газ жүйесіне қосылған қолдан жасалған қазандықты іске қосуы себеп болған. Мұз боп қатқан қазандық бу қысымын көтере алмай, жарылып кеткен.

«Жоғарыда аталған оқыс оқиғалардың басты себебі - қолдан жасалған газ қазандықтарынан туындап отыр. Сондықтан әр абонент үй ішіндегі газ жабыдығының техникалық талаптарға сай болуын мұқият қадағалағаны жөн. Себебі, газды тұрмыста қолдану ережелерін сақтау - өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігінің кепілі. Қолдан жасалған газ қазандығы өміріңізге қауіп төндіреді» - дейді ҚазТрансгаз аймақ АҚ Түркістан өндірістік филиалының баспасөз хатшысы Назым Қайратқызы.