Түркістан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны азайды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша «жасыл» аймақта. Соңғы тәулікте коронавирусқа шалдығудың 14 жағдайы тіркелді. Ал 2 апта бұрын бір тәулікте 148 науқас анықталған болатын.

«Халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялау науқаны басталғаннан бүгінгі күнге дейін COVID-19 инфекциясына қарсы екпе алуға жататын өңір тұрғындарының 100,1% І-компонентті салдырды, ал ІІ-компонентті алғандар саны 99,6% құрап отыр. Аймақта 212 816 адам ревакцинациялаудан өтті. Ал, 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жүкті және емізулі аналар, жасы 60-тан асқан азаматтар, жалпы 163 305 азамат «Pfizer» вакцинасының І-компонентін алды. ІІ- компонентті де салдырғандар саны- 88 255» - дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Ардақ Берденова.

Бүгінде облыстағы инфекциялық стационарларда 809 төсек-орын жасақталған. Қазіргі таңда 644 төсек-орын бос. Облыс аумағында 150 екпе қабылдау бекеті жұмыс істеп жатыр.

Түркістан облысының санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары эпидемиологиялық ахуалды бұдан әрі тұрақтандыру үшін азаматтарды маскалық режим, антисептикпен залалсыздандыру, әлеуметтік ара қашықтықты сақтаумен қатар, вакцина салдыруға, Covid-19 қарсы иммунитетті нығайту үшін ревакцинациалаудан өтуге шақырады.