Түркістан облысында көшпенділер ойыны өтті
Іс-шара Төлеби Әлібекұлының туғанына 360 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат - жастар арасында қазақ халқының ұлттық ойындарын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптеу, туған елге, жерге, өз Отанына деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру.
Ұлттық спортты ұлықтауға арналған шараға арнайы қатысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев көшпенділер ойынының маңыздылығын атап өтіп, командаларға сәттілік тіледі. Ал, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев дәстүрі ұлттық ойындарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарға алдағы уақытта да үлкен серпін берілетіндігін жеткізді
Жалпы жүлде қоры 1,5 млн теңге құрайтын сайысқа құрамында 160 спортшысы бар 16 команда қатысты. 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қазақша күрес, жамбы ату, аударыспақ, қошқар көтеру, арқан тарту, ләңгі тебу секілді сайыстардан күш сынасты.
Ал, қорытындысында командалық есеп бойынша бірінші орынды Сарыағаш ауданының спортшылары қанжығаласа, екінші орын Бәйдібек ауданының жастарына бұйырды. Үшінші орынды Төлеби ауданының қатысушылары місе тұтты.
Одан бөлек, «Көшпенділер ойынына» арнайы ерекше ұлттық киіммен келген Отырар, Сауран аудандары мен Арыс қаласының командалары арнайы номинацияға ие болды. Жүлдегер командалар мен номинация иегерлеріне қаржылай сыйлықтар мен арнайы кубоктар берілді.