Түркістан облысында қойшы қоймадағы мал азығын сатып жіберген

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысында қойшы қоймадағы 3 млн теңгенің мал азығын сатып жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Төлеби ауданында болған. Жергілікті полиция бөліміне арызданған тұрғын жеке мал шаруашылығындағы қоймасынан алты тонна бидай, алты тонна арпа және 750 пресс жоңышқаны жұмысшысы сатып жібергенін жеткізген. Тұрғынға келген жалпы шығын 3 млн теңгеден асады.

«Жәбірленуші ауызша келісім арқылы малдарына қарауға жас жігітті жұмысқа алған. Содан оған мүлкін сеніп тапсырып, өзі үйіне кеткен. Ал таңертең шаруашылыққа келгенінде қоймадағы сеніп тапсырған мал азығының ұрланғанын көрген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан таражға салу) бойынша тіркелді. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.