Түркістан облысында Құрбан айт кезінде қандай ic-шараларға тыйым салынатыны ескертілді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов «Құрбан айт» мерекесі кезінде шектеу шаралары бойынша жаңа қаулы шығарды. Оған сәйкес, меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдар мен жеке меншік үй иеліктерінде және медреселерде адамдар көп жиналатын ic-шаралар өткізуге тыйым салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірдің бас санитар-дәрігері сондай-ақ, рұқсат етілмеген орындарда мал союды ұйымдастыруға және өткізуге, автокөліктерде және жеке үй иеліктерінде мал сатуға болмайтынын ескертті. Ал, 31 шілде-2 тамыз аралығында Түркістан облысының орталық мешітімен белгіленген құрбандық шалуды жүзеге асыратындарды қоспағанда, мал сою орындарының жұмысы тоқтатылатынын атап өтті.

«Құрбандық шалуға онлайн режимінде www.qurban2020.kz сайтына өтінім беру арқылы құрбандық шалуға болады. Ол тізім бойынша әлеуметтік мұқтаж жандарға үлестірілетін болады. Оларға тез бұзылатын өнімдерді (құрбан болған жануарлардың еті) тасымалдау және сақтау кезінде санитарлық- эпидемиологиялық талаптар толық сақталады»,- деді Нұрбек Нышанов.