Түркістан облысында құрылған шұғыл штаб коронавирусқа қарсы жұмысты күшейтті

ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат - Түркістан облысында Қытай елінен шыққан қауіпті індетке қарсы жұмыстар пысықталды. Бұл туралы барлық жауапты сала басшылары қатысқан өңірлік шұғыл штаб отырысында мәлімденді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыс тобы әлемді дүрліктірген короновирустың алдын алу жұмыстардың күшейтілгенін атап өтті. Жиынға төрағалық еткен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев басқарма басшыларына жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Шешуін кейінге қалдырмауды талап ететін негізгі мәселелер ортаға салынып, короновирус инфекциясының тарауына жол бермеу шараларының кешенді жұмыс жоспары бекітілді.

Облысқа қарасты 5 қорғаныс бекетінде қырағылықты күшейтіп, шұғыл дайындықта болу баса айтылды. Аурудың белгілері байқалып, күдік туындаған жағдайда науқас шұғыл түрде 14 күнге оқшауланатын болды. Тиісті сынама талдаулары Алматы қаласындағы қауіпті инфекцияларды бақылау Ұлттық ғылыми орталығына жолданады. Тапшылық болмас үшін бетперде шығаратын мекемелерге олардың санын арттырып, бағаның шарықтауына жол берілмеу керектігі ескертілген.

Залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық медициналық дәрі-дәрмектер мен керек-жарақтар, арнайы киімдер де жеткілікті. Аудандар қосымша көлік капсулаларымен қамтылмақ. Алдағы уақытта өңірде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтау және алдын-алу шараларын күшейту бойынша құрылған жұмыс тобының отырысы жүйелі түрде өткізілетін болып келісілді. Жалпы, Түркістан облысы бойынша жағдай тұрақты және сақтық шаралары қатаң бақылауда, - дейді сала мамандары.