Түркістан облысында латын әліпбиіне арналған семинарлар өтеді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан қаласына «Латын негізді әліпби мен емле ережесі туралы насихат» жобасы бойынша ғалымдардан құралған насихаттық топ келді. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы мен Назарбаев университетінің профессоры Жазира Ағабекова бастаған топ облыс әкімі  Жансейіт Түймебаевпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуда латын әліпбиін насихаттауға байланысты  семинарлар барысы баяндалды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын шаралар барысы  Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де айтылды. Онда сала мамандары латын әліпбиінің мән-маңызы мен емле-ережесіне кеңірек тоқталды.

«Қазіргі таңда emle.kz сайты жұмыс істейді. Онда барлық азаматтар латын әліпбиімен танысып, ұсыныс-тілектерін жолдай алады. Латын әліпбиі біздің тарихымызда болған. Сондықтан қайта оралу қиынға соқпайды. Жаңа жасақталған латын әліпбиі арқылы сырттан сөз алғанда өзіміздің төл дыбыстарымызға реттеп алатын боламыз. Бұл Байтұрсынов сынды қайраткерлеріміздің бастамасы», - деді Оразкүл Асанғазы.
 

Баспасөз мәслихатында ғалым Жазира Ағабекова жаңа әліпби 2019 жылдан басталып кезең-кезеңімен сатылап енгізілетінін атап өтті.

«Қазіргі кириллицамен айтылып жүрген сөздер алдағы уақытта төл дыбыстарымызбен оқылатын болады. Біз осылай ұлттық артикуляциямызды сақтауымыз қажет. Алдағы уақытта оқу орталықтары мен тіл басқармалары жанынан оқыту және біліктілікті арттыру курстары ашылып, мектеп, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік қызмет саласында 2025 жылға дейін сатылап енгізілетін болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта жаңа емле бойынша орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер жасалады», - деді Жазира Ағабекова.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 14 қарашасы күні қазақстандықтар латын әліпбиінде жаппай диктант жазу акциясына қатысатын болады.