Түркістан облысында малшы 4 адамның жылқыларын қолды еткен

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Полиция қызметкерлеріне арыз жазған жәбірленушілер жылқышыға сеніп тапсырған жылқылары жиі жоғалатындығын жеткізген – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция қызметкерлеріне арыз жазған жәбірленушілер жылқышыға сеніп тапсырған жылқылары жиі жоғалатындығын жеткізген. Өткен жылы 60 бас жылқысын сеніп тапсырған азаматтың 10 бас жылқысы жоқ болып шыққан. Сонымен қатар екінші бір жәбірленуші өзінің асыл тұқымды бір жылқысы мен 1 бас тайын сатып жібергендігін көрсеткен. Ал қалған екі азаматтың жылқыларын «өзімнің малым» деп жергілікті тұрғынға саудалаған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 6 млн теңгеден асады.

Аталған дерек бойынша Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері күдікті ер азаматты ұстады.

«Созақ ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 2-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған күдікті ер азаматты құрықтады. Яғни тәртіп сақшылары күдіктінің 4 жайтқа қатысы барын анықтады. Аталған деректер ҚК 189-бабы, яғни «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша және ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді«, - делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламасында.

Қазіргі таңда анықталған дерек бойынша күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.