Филиал директорының айтуынша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өңірдегі жағдайға үнемі жан-жақты талдау жасап отырады. Медициналық ұйымдарды – қордың жеткізушілерін қаржыландыру тиісті кесте бойынша жүргізіледі.
«Мемлекеттік бюджеттен 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін бекітілген үстеме көлемінде материалдық қолдау көрсету үшін қаражат бөлінді. Бұл қаражат 1 973 медицина қызметкеріне төленді. Үстемақы алғандардың ішінде реанимация, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші буын медицина қызметкерлері бар. Сондай-ақ, провизорлық стационар және жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері және жүргізушілер тізімге қосылған», – деді Асхат Бейсенбаев.
Үстемақы алушылардың тізімін жасақтау әрбір өңірдегі шұғыл штабтар жанындағы комиссияға бекітілген. Сонымен қатар, аймақта короновирус инфекциясымен ауырған науқастарды жатқызу үшін 270 төсек-орын дайындалған.
«Пандемиялық індетке ұқсас клиникасы бар науқастарды жатқызып, диагнозын анықтау мақсатында 570 төсек-орынға провизорлық госпитальдар қарастырылған. Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындалған. Науқастармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 1256 төсек орынға карантиндік орталықтар ашылған. Ал, төсек-орынға 305 924 366 теңге, ПТР анализге – 60 150 828, 21 теңге қарастырылған», - деді Асхат Бейсенбаев.