Жауапты хатшы денсаулық сақтау саласына жауапты мамандардың басын қосып, осы саладағы жемқорлықты жою, оның алдын алуға қатысты отырыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиынға Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті, департамент басшылары, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы аудандарының басқарма басшылары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары қатысты.
Басқосуда сөз алған Болат Төкежанов жиынды ұйымдастыруға биылғы жылы Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің лауазымды қызметкерлерінің арасында коррупциялық фактілердің тіркелуі себеп болғанын атап өтті. Оның үстіне өңірде халық саны көп, осыған қарай шешуін күткен әлеуметтік мәселелер де аз болмай отыр.
Отырыста жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылған коллегиялар мен қоғам белсенділерінің көмегімен анықталған заңбұзушылықтар, тұрғындар арасында жүргізілген насихат жұмыстары мен БАҚ-та жарық көрген материалдар талқыланды.
«2018 жылы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты 806 мемлекеттік қызметкер заң бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Олардың басым бөлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінде жұмыс істейді. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күресті, жемқорлыққа қарсы мониторингті күшейтіп, нәтижесін онлайн-режимде бақылау қажет. Бұған қоса, жемқорлықтың алдын алуда қызметтік этика мен мемлекеттік қызметтің тәртібін сақтау да маңызды рөл атқаратынын ескерген жөн», - деді Болат Төкежанов.