Сәбидің әкесінің есімі Нұрсұлтан. Ол бүгінде жеке фирмада жұмыс істейді. Ал, анасы Фариза үйдегі 3 ұлының тәрбиесін қадағалап отыр.
«Тәуелсіздік күні мерекесінде дүниеге келген ұлымызға атасы Қасым-Жомарт деген есім берді. Ел басқарған аталарындай азамат болсын деген ниетпен қойып отырмыз. Бүгін Мемлекет басшысы атынан арнайы сыйлықтар алдық. Игі іске ұйытқы болған барша жандарға үлкен алғысымды білдіремін», - дейді анасы Фариза Дәулетова.
Айта кетейік, бүгін Түркістан облысында Тәуелсіздік күні дүниеге келген 248-ден астам сәбиге «Сүйінші» сыйқорабы тарту етілді.
«Сүйінші» сыйқорабына бөбектерге қажетті заттардан басқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы мен баланың тууы туралы куәлігі салынған.
«16 және 17 желтоқсанда Түркістан облысында барлығы 248 сәби дүниеге келді. Сәбилердің туу туралы куәлікті алу туралы өтінімдерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері қабылдап, әрі қарай Қазақстан азаматының алғашқы құжатын ресімдеу үшін АХАЖ органдарына жолданды. Сәбилер мен аналарға қуаныш сыйлаған АХАЖ бөлімі мен «Қазпошта» қызметкерлеріне және ақ халатты абзал жандарға алғыс айтқым келеді»- деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы Ержан Жеңісбекұлы.
«Сүйінші» сыйқораптарын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкіметпен бірге және ҚР Ұлттық банк, Центркредит банкі және «Қазпошта» АҚ жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен ұйымдастырды.