Түркістан облысында межеленген жоспарды орындай алмаған әкімдер сынға ілікті
Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында ІІ тоқсанның даму қорытындысы баяндалды. Жалпы, рейтингтік бағалау нәтижесінде көшбасшылар болып Отырар, Созақ аудандары және Арыс қаласы орналасты. Аутсайдерлер – Жетісай, Сауран аудандары мен Кентау қаласы.
«Жалпы, бізде өсім болғанымен, аудандар арасында көрсеткіштер түсіп кеткен. Әсіресе, қаражат көп бағытталатын оңтүстік аудандарда, Мақтаарал мен Жетісайда көрсеткіштер нашар. Жұмыс істеу керек. Маған сылтау айтудың қажеті жоқ. Бұл көрсеткіштер – әкім жұмысының көрсеткіші. Сондықтан, жоспардың орындалмауы – әр басшы үшін сын», - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша бекітілген межеге Түлкібас, Кентау қаласы қол жеткізбеді. Өңдеу өнеркәсібінің жоспары Бәйдібек, Келес, Түлкібас аудандары және Кентау қаласында орындалмады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция межесі бойынша индикатор Қазығұрт, Бәйдібек аудандары және Кентау қаласында жүзеге аспады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемі бойынша жоспарға Сарыағаш, Ордабасы аудандары қол жеткізе алмады. Құрылыс жұмыстары көлемі жағынан Мақтаарал, Сауран аудандары мен Түркістан қаласында жоспарлы межеге жетпей қалды.
Жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша Сайрам, Созақ, Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы және Кентау қаласында жоспарға қол жеткізілгенімен, міндетті зейнетақы төлемдерімен толық қамтылмаған, сәйкесінше межелік жоспар орындалмаған. Өзіндік кірістер жоспары барлық аудан, қалаларда орындалды. Шағын және орта кәсіпкерлік өнімінің шығарылымы Ордабасы, Түлкібас, Қазығұрт, Мақтаарал, Сайрам, Бәйдібек, Шардара, Жетісай аудандарында жоспардағыдай атқарылмады.