Инвестиция салымдарының басым бөлігі өнеркәсіп, ауыл, орман және балық шаруашылығы және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар салаларына тиесілі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, негізгі инвестициялық салымдардың 80,7 пайызын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған. Олардың көлемі 232 млрд 376 млн теңгеге жеткен. Бұдан өзге, 2019 жылғы 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Түркістан облысында 14 059 заңды тұлға тіркелген. Республика бойынша тіркелген заңды тұлғалардың жалпы санындағы облыстың үлесі 3,2 пайызға жетіп отыр. Облыста заңды тұлғалардың жиі тіркелетін қызмет түрі - ауыл, орман және балық шаруашылығында болуда. Сонымен қатар, облыстағы бөлшек сауданың көлемі өткен жылы 148 286 млн теңгеге жетіп, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға өскені байқалады. Бөлшек сауда айналымының жалпы көлемінде азық-түлік тауарларының үлесі - 27, азық-түлік емес тауарлары - 73 пайызды құраған. Көтерме сауданың көлемі 69 млрд 784 млн теңгеге жеткен. Көтерме сауда тауар айналымының құрылымында 53,4 пайызын азық-түлік емес тауарлар және өндірістік-техникалық мәндегі өнімдер алады. Сондай-ақ, 2018 жылы Өңірдің Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда айналымының көлемі - 235 млн АҚШ долларды құрады. Оның ішінде экспорт - 179 млн АҚШ доллары, импорт - 56 млн АҚШ доллар болған.