Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданындағы селден зардап шеккен аумақтарды аралады. Мұнда толассыз жауған нөсер жауынның әсерінен Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтерілді. Соңғы ақпарат бойынша, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 260 тұрғын үйлердің ауласына су кірді. Барлығы қауіпсіз аумаққа көшірілген. 27 үйдің құлау қаупі бар.
«Тек 40 минуттың ішінде 1 айлық мөлшердегі жаңбыр жауған. Бұл соңғы жылдары алғаш рет орын алған табиғи құбылыс. Қауіпсіз аумаққа көшірілгендеріңіз дұрыс болды. Үйлерді полиция қызметкерлері күзетеді. Уайымдамаңыздар. Барлық аудандар осында көмекке келіп жатыр»,- деді Өмірзақ Естайұлы Төлеби ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде.
Түнде мұнда Қазығұрт, Сайрам және Ордабасы аудандарынан көмек жетті. Олар халықты эвакуациялап, қажетті заттар мен ыстық тамақпен қамтамасыз етуде.