Түркістан облысында Өзбекстаннан Қырғызстанға кетіп бара жатқан автобус апатқа ұшырады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 27 тамыз күні таңғы 07:18 шамасында Түлкібас аудандық полицияның кезекші бөліміне жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Оқиға орнына жеткен полицейлер Шақпақ ауылының маңында 601 шақырым жердегі жол қиылысында автобус жүргізушісінің қалғып кетуі салдарынан рульге ие бола алмай, жол шетіндегі ойпаң жерге түсіп кеткенін анықтады.

Тексеру барысында автобустың Өзбекстаннан Қырғызстанға жол жүріп бара жатқаны және ішінде шетел азаматтары бар екені белгілі болды. Жол-көлік оқиғасының нәтижесінде жарақат алған шамамен 12 адам жақын маңдағы ауруханаға қаралды. Қайтыс болғандар жоқ.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігімен тіркеліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сараптамалар тағайындалды.

Оқиға орнында Түлкібас АПБ анықтаушылары жұмыс істеуде.





Фото: t.me/POLICE_of_KZ