Түркістан облысында параканоэден еліміздің ашық біріншілігі өтіп жатыр
Дәстүрлі жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Канада елінен келген параканоэнің негізін қалаушы және әлем бойынша каноэ федерациясының президенті Джон Эдвадц арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында ұйымдастырылған жарысқа 4 мемлекеттен 70-ке жуық спортшы қатысып, мықтыларын анықтауда. 200 метр қашықтықта сынға түскен спортшылардың есімдері белгілі болды.
Тартысты өткен бәсекеде өзбекстандық Павел Сулейманов мәре сызығын бірінші болып кессе, жүлделі екінші орын Түркістан облысының намысын қорғаған Жалғас Тайкеновқа бұйырды. Ал, үшінші орынды өзбек елінің спортшысы Озодбек Хуваедуллаев иемденді. Жастар арасындағы 200 метр қашықтықта бақ сынаған қос түркістандық спортшылар жүлделі орындарды бөлісті. Жарыста Полад Туребеков жеңімпаз атанса, екінші орын Әділет Бақытұлына берілді.
Айта кетейік, жеңімпаз атанған спортшылар Мажарстанда өтетін әлем чемпионатында бақ сынайды.