Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан өңірдегі білім беру объектілерінің санитарлық және техникалық жағдайына тұрақты түрде тексеру жүргізіліп тұрады. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында 702 мектеп тексеруден өткен. Нәтижесінде, асхана мәзірі, оқу кестесін дұрыс жоспарлау, таза ауыз су, жылу және жарықпен қамтамасыз етуге қатысты біршама кемшілік анықталған.
«Жауапты тұлғаларға 232 млн теңгеге 614 айыппұл салынып, ұйғарымдар берілді. Өңірдегі апатты жағдайдағы төрт оқу орнының бірі жаңа ғимаратқа көшірілді, қалған объектілер бойынша шешімдер жақын арада қабылданады», - дейді Түркістан облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Ардақ Берден.
Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, балалар санының тығыздығын болдырмау мақсатында үш ауысымда оқытатын 11 мектептің бірі екі ауысымға ауыстырылған.
Айта кетейік, Түркістан облысында 946 мектеп бар.