Түркістан облысында шіркеймен күресуге 643 млн теңге бөлінді
Түркістан облысындағы төрт аудан мен екі қалада шіркеймен күреске бюджеттен 643 млн теңге бөлінді. Оның 40 млн теңгесі зерттеу жұмыстарына жұмсалмақ. Ал, қалған бөлігі аумақты залалсыздандыруға қажетті дәрі-дәрмек алуға, жұмысшылардың еңбек ақысына беруге бағытталған.
«Сырдария өзені бойында және Шардара, Отырар ауданы мен Арыс қаласында 7 нүкте анықталып отыр. Онда біз екі реттен биологиялық жұмыстар жүргіздік. Әр шіркей 100-ден 200-ге дейін ұяшық тастайды. Бірінші реттік жұмыстардың барысында 80-85 пайыз ұяны жойдық. Ал, 10-15 пайыз шіркей ауаға ұшып шығып кетті. Былтырғы жылға қарағанда саны 4-5 есе көп. Егер біз жұмыс жасамағанда шіркейлер ошағы Түркістан облысын басып қалар еді. Бұл жұмыстарға 70-тен астам техника, 90-нан астам жұмысшы жұмылдырылып отыр», - деді «Satti tulik» ЖШС директорының орынбасары Қайрат Ермен.
Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы Алишер Ахмадниязов Сырдария өзенінің аумағында орналасқан елді мекендерде және Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен Сауран, Отырарар, Шардара аудандарының аумағында дизенсекциялық жұмыстар биологиялық және химиялық әдістермен жүргізілетінін жеткізді. Жұмысты сапалы орындау мақсатында аудан қала әкімдіктерімен арнайы жұмысшы топ та құрылмақ.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысының кейбір аудандарында шіркейдің қаптап кеткенін жазған болатынбыз.